egemen.kz: Президент Іс басқармасының қызметтік жатақханасында 538 адам тұрады

«Бүгін ҚР Президенті іс басқармасы Әкімшілік ғимараттар дирекциясының үш жатақханасына барып, ғимараттардың жай-күйімен таныстым. Ұзын-ырғасы 160 пәтер. Бұл қызметтік баспаналар қаланың әр тұсында орналасқан: Қажымұқан Мұңайтпасов, Мағжан Жұмабаев көшелерінде және Бауыржан Момышұлы даңғылында. Әріптестерімізбен бірге ғимараттардың инженерлік коммуникациялық ахуалын көріп, қаншалықты жөндеу қажет екенін шамаладық. Сонымен қатар тұрғындармен де жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Әсіресе 25 жыл бұрын пайдалануға берілген екі жатақхананың жағдайын жіті талқылауға тура келді. Аталған ғимараттарға кешенді зерттеу жүргізу, оның нәтижесі бойынша қажет болған жағдайда күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу туралы шешім қабылданды. Ал, оған дейін жылдағыдай жамап-жасқала тұрады», деп жазды Telegram парақшасында Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев.

Бұл жатақханадағы пәтерлер жекешелендірілмейді.

«Қазіргі уақытта үш жатақханада 538 тұрғын бар. Барлығы да - біздің қызметкерлеріміз бен олардың отбасы. Жақында бірнеше пәтер босады. Себеп-салдары әртүрлі: кейбірі бізбен еңбек келісімшартын тоқтатты, кейбірі жеке үй сатып алды. Айта кету керек, үйлі болған қызметкерлердің көбісі біздің мекемелердің материалдық көмегін пайдаланды. Сонымен бірге аудит жүргізіліп, нәтижесінде кейбір тұрғындар пәтерлерде негізсіз тұрып жатқандығы анықталды. Әлбетте, олар баспананы босатты. Соның арқасында 2008 жылдан бері кезекте тұрған қызметкерлер де жатақханадан енді орын алып отыр. Дәл қазіргі уақытта жаңа тұрғындарды қоныстандыру қарекеті жүріп жатыр. Осылайша жатақханаға 24 отбасы орналасады» деп жазды Айбек Дәдебаев.

https://egemen.kz/article/315803-prezident-is-basqarmasynynh-qyzmettik-dgataqkhanasynda-qansha-adam-turady

Материалды әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: