nationalgeographic.kz: Мәлім де беймәлім Бурабай

Іргемізде тұрған Бурабай курортты аймағын қамтитын «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы жауһарлардың қалың көпшілікке белгісіз немесе  әлі де кеңінен таныла қоймаған ғажайыптары баршылық. Бұл, әрине, қарасаң көзің тоймайтын табиғаттың таңғажайып көріністері ғана емес, жұртшылыққа кейінгі жылдары есігін ашқан туристік нысандарға да қатысты. Бұған осы ұлттық парк аумағына журналистер үшін арнайы ұйымдастырылған саяхат барысында анық көз жеткіздік.

Бурабайға барар болсаң, Ботайдан баста

Расымен де, егер Бурабайға саяхатқа шықсаңыз, ең алдымен Ботай қонысына соғыңыз. Иә-иә, арғы бабаларымыздың жылқыны алғаш қолға үйреткенін әлемге паш еткен «Ботай» қонысының ежелгі заманда қандай болғанын көруден бастағаныңыз жөн. Бұл – ежелгі Ботай  қонысының (Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында) археологиялық қазбалары негізінде әйгілі ғалым Виктор Зайберттің тікелей қадағалауымен жасалған, ашық аспан астындағы «Ботай-Бурабай» археологиялық-этнографиялық музейі. Астанадан Көкшетауға бара жатқан автобанның бойында, Щучинск қаласынан өте бергенде, оң жақта, әдемі табиғат аясында орналасқан.

Ғылымға Ботай мәдениеті деген атпен енген, 6 мың жыл бұрынғы адамдар қонысының сыртқы көрінісі оның ішіне кірмей тұрып-ақ ерекше әсерге бөлейді. Қабырғасы жерге дендей еніп, төбесі күмбезделе салынған үй бірден көз алдыңызға бүгінгі киіз үйдің пішінін әкелері хақ. Музей кешенінде осындай 7 үй бар. Жетеуі де жерасты дәлізімен байланысқан. Әр үй өзінше әлеуметтік-әкімшілік мақсатқа арналған. Сырттан күмбез пішінді көрінген үйдің төбесі ішінен қарағанда қарағай бөренелерден керемет қиюластырып салынғанын көреміз. Ауызғы үй, Тайпа көсемінің үйі, жатын бөлме, шаруашылық үйі, шаманның үйі – бәрі дерлік табылған қазба жәдігерлер негізінде қалпына келтіріліп, сол заманның ортасына түскендей әсерге бөлейді. Жылқы терісі, қыл құйрығы, бас сүйектері, қымыз саба, торсық – осының бәрі ботайлықтар үшін жылқы түлігінің қандай маңызға ие екендігін әйгілеп тұр.

Абылай ханмен суретке түсіңіз

Ботайдан шығып, Бурабайға бет алғанда жолдың екі жағы толған табиғаттың ғажап көріністері. Қай-қайсысының да аңыз-әңгімелерге арқау болған өзіндік сырлы хикаяттары бар. Оларды, әрине, жолбасшы-гидтерден естіген тіпті әсерлі. Сол аңыз-әңгімелердің жетегімен Абылай хан алаңына қалай келіп қалғаныңызды да білмей қаласыз. Бұл жер де соңғы жылдары жаңа нысандармен толығып, алаң абаттандырылғаны белгілі. Мұндағы этно стильдегі жәрмеңкені, Хан тағын айтпағанда, назар аударатын екі нысан бар. Бірі – курортты аймақты биіктен қарауға арналған, тау басындағы Шолу нүктесі болса, екіншісі – мультимедиалық интерактивті кешен. Алдымен осыған кіріп көрген жөн. Бұл кешен Щучье-Бурабай курортық аймағын дамыту аясында Президенттің іс басқармасы жүзеге асырған «Абылай хан алаңы» жобасының бір бөлігі. 2021 жылдың маусымынан бері істей бастаған кешен келушілерге Қазақстанның ұланғайыр аумағына 5D арқылы саяхаттаумен қатар,  ел тарихына үңіліп, қызықты әсерлерге бөлейтін, батырлармен, хандармен селфиге түсу мүмкіндігін ұсынатын интерактивті залдармен жабдықталған.

Алаңнан Шолу нүктесіне дейін 860 метр. Әлбетте, тау басына тақылдаған асфальпен шығудың еш қызығы жоқ. Сондықтан тура мағынасында жаяу өрлейтіндіктен, біраз күш-жігер жұмсауға тура келеді. Есесіне, сол биікте соғып тұрған самалға кеудеңізді тосып, буалдыр сағыммен мұнартып тұрған «жап-жасыл мұхитқа» қарау көз қуантып, көңіл сергітеді.

Президент іс басқармасының мәліметінше, алдағы уақытта мұндай Шолу нүктелерінің тағы бірнешеуін салу жоспарланып отыр.

Теңбіл бұғы көрем десеңіз

Бурабай аумағындағы туристер үшін тағы бір қызықты нысан – Forest Farm Aq Maral аталатын марал шаруашылығы. Мұнда туристерді киіз үйлерден құралған этно-ауыл, пантымен емдеу орталығы және ең бастысы, марал – сүп-сүйкімді теңбіл бұғыларды жақыннан суретке түсіру мүмкіндігі күтіп тұр.

Теңбіл бұғы негізі бұл жақты мекендемейді. Арнайы әкеліп жерсіндірілген. Қазір осы шаруашылықтың 600 га орманды аумағында өздерін жақсы сезінеді. Бұғылар табиғи жайылымда жүргенімен, қосымша жем-шөппен де қамтылған. Шаруашылық осы бұғылардың мүйізінен жаңа технологияларды қолданып, емдік мақсаттағы өнімдер алуды жолға қойған. Сондықтан келушілер пантымен емдеу орталығының қызметіне де жүгіне алады.

Үш ғасырлық қарағай

Бірден айтайық, бұл қарағай туристер үшін жабық, қорғалатын орман аумағында өсіп тұр. Ғалымдар ағаштың сыртқы сақиналарына көміртекті талдау жасап, қарағайдың өсіп тұрғанына шамамен 270 жыл деген тұжырым жасаған. Бірақ оның жасы бұдан әлдеқайда үлкен болуы мүмкін. Өйткені, осы уақытқа дейін кемінде 5 өрттен аман қалған қарағайдың өзегін талдау мүмкін болмай тұр. Ал ел аузындағы аңыз әңгімелерде оның 600 жылға жуық тұрғандығы айтылады. Енді ойлай беріңіз, бұл қарағай не көрмеді? Қазақ даласынан өткен көштерді, тарихи оқиғаларды, табиғаттың ғана емес, адам қолымен жасалған апаттарды да көргені анық. Кім біледі, жерімізді жаудан тазарту жолындағы жорықтарға қатысқан батырлар, тіпті Абылай ханның өзі оған ат байлаған шығар? Қиялға ерік берсеңіз, қияға кетеді. Мынадай керемет орманның ішінде қиялдамау да мүмкін емес.

Ал әзірге ғалымдар мен орманшылардың ең басты міндеті – осы қарағайды, мына орманды әлі талай жылдарға аман сақтау. Бұл оңай міндет емес және оған бүкіл қоғам мүдделі болуға тиіспіз.  Сөз соңында  осы сапарды ұйымдастырып, өлкеміздің ғажайыптарына назар аударуға мүмкіндік берген Президенттің іс басқармасы, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Бурабай даму» ЖШС баспасөз қызметтеріне зор алғыс білдіреміз.

https://nationalgeographic.kz/2022/06/23/maelim-de-bejmaelim-bwrabaj/

Материалды әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: