Энергия ресурстарын үнемдеу жүйесі шығыстарды азайтуға мүмкіндік береді

2018-11-05

Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының ведомстволық қарасты ұйымдарында энергияны үнемдеу жұмысы көп жылдан бері жүргізіліп келеді. Бұл айқын жұмыс істейтін жүйе, яғни шығыстарды азайтуды болжауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді. 

Жоспарланған үнемдеу дегеніміз не? Бұл жөнінде ҚР ПІБ өндірістік үдерістерді басқару секторының меңгерушісі – Серікбол Әжікенов мырза айтып береді.

- Іс Басқармасы секілді үлкен құрылымның үнемдеуге талпынуына не себеп болды?

- Оның бірнеше себебі бар. Егер тұжырымдамалық құжаттар туралы айтатын болсақ, яғни Елбасының энергия ресурстарын үнемдеу жөніндегі тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарында 2025 жылға қарай Қазақстан Республикасында жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ)  энергия сыйымдылығы 25%-ға төмендеуі тиіс.  

Әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан алғанда, бұл әрине, қоршаған ортаға қамқорлық жасау: мысалы, энергия ресурстарын неғұрлым аз жұмсасақ, оларды соғұрлым аз шығарады, табиғатты аз зақымдайды – ЖЭО (жылу электр ортасы) көмірді аз жағады.  

Тағы бір маңызды дүние – шығыстарды азайту: суды, жылуды, электрді аз сатып аламыз – қаражатты аз жұмсаймыз, міне осының барлығы кәсіпорынның қаржы жағдайында көрініс табады. 

- Энергияны үнемдеу үдерісі тәжірибеде қалай іске асады?

Біріншіден, энергияны үнемдеу үшін жалпы кәсіпорын бойынша және әр ғимаратқа бөлек-бөлек жауапты адамдарды белгілеу қажет. Екіншіден, есепке алу құрылғыларының көрсеткіштері негізінде энергия ресурстары көп жұмсалатын ғимаратты (орынжайды) анықтап, олардың себептерін табу және ғимаратта энергия ресурстарын пайдаланудың энергиялық тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар қабылдау керек. 

Үшіншіден, электр және жылу энергияларын көп тұтынатын энергия сыйымдылығы бар құралдарды (электр қазандықтарын, чиллерлерді, жылу шымылдығын, т.б.) анықтап, солардан энергия үнемдейтін шаралар әзірлеу қажет. Бұл дегеніміз, жоғарыда айтылған энергия тұтынатын құралдарды жұмыстан тыс уақытта үнемдеу режіміне ауыстыру, энергияның сыйымдылық құрылғысын КДП жоғары құрылғыға айырбастау, осы құрылғының жұмыс режімін автоматтандыру және бақылау, т.б. 

Төртіншіден, энергия ресурстарының тұтынылуына күнделікті бақылау жасап, есепке алып отыру және рұқсат етілген жоспарланған нормативтен асып, энергия ресурстарын тұтыну көлемінен ауытқыған жағдайда шұғыл әрекет ету қажет.

- Ал балама қуат көздері жайында не айтасыз? 

Олардың өзіндік құны өте қымбат және өтелімділік мерзімі ұзақ болатынын түсінуіміз керек. Бұдан бөлек, балама қуат көздерін орнату үшін арнайы алаңдар мен лайықты орындар қажет, ол қала жағдайында күрделірек мәселе. Дей тұрғанмен, ведомстволық қарасты ұйымдарда оларды шоғырландырып қолдану артып келеді. Мысалы, Автошаруашылықтың материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасында (МТҚБ) гараждың бақылау-кіргізіп-шығару пункті мен сыртқы жарықтандыруын электрмен қамтамасыз ету жел генераторларын және күн панельдерін қолданумен жүзеге асырылады, Үкімет үйінің 21-қабатынан 8-қабатына дейін ыстық сумен жабдықталуы да күн коллекторлары арқылы іске асырылады. 

- Бүгін энергия ресурстарын үнемдеуде қандай цифрлар туралы сөз болады?

Энергия тиімділігін арттыру есебінен біз энергия ресурстарын жыл сайын азырақ пайдаланып жатырмыз деп айта аламын. Соңғы үш жылда біз электр энергиясын тұтынуды 5,3%-ға, суды 3%-ға төмендеттік. Бір қарағанда цифрлар көп те емес. Бірақ бұл жұмыстың көп жылдан бері және өте мұқият жүргізіліп жатқанын елеп-ескеру қажет. Егер көлеммен есептесек, онда электр энергиясы 3,6 млн. квт*сағат, ал су 33 мың куб үнемделіпті. Бұл аз емес, келісесіз бе?! 

- Іс Басқармасында әртүрлі сала бойынша 20-дан астам ведомстволық қарасты ұйым бар, энергия шығынын бақылауды қалай назарда ұстайсыздар?

- Бұл толықтай іс-шаралар кешені. Біз энергия аудитін жүргіздік (заң бойынша ол бес жылда бір рет жүргізіледі) және кәсіпорындарымыздың энергияны үнемдеу әлеуеттерін айқындадық. Содан кейін қаржылық мүмкіншіліктерімізді ескере отырып, энергияны үнемдеу жөнінде іс-шаралар жоспарын әзірледік және әрбір кәсіпорынның энергия ресурстарын тұтынуына жоспарлық көлем белгіледік. 

Осы жоспарлардың орындалуын Іс Басқармасы жылына екі рет (әр 6 айда) тексереді және энергияны үнемдеуге баға берумен аяқтайды. Тексеру барысында Іс Басқармасы кәсіпорындардың энергияны тұтынуда жоспарлық көлемнен асырмауына, энергияны үнемдеу шараларын орындауына талдау жүргізді.

Егер кәсіпорын өзінің жоспарын дәлелсіз себептермен орындамған болса, онда ол автоматты түрде нашар баға алады. Олармен кейіннен жеке жұмыс жүргіземіз. Әрине, дәлелді себептер де болады, мысалы, энергия ресурстарын (жылу, электр энергиясы, сұйық отын, газ) пайдалану барысында ауа райының ықпалы да ескеріледі. 

Тексерістер аралығындағы уақыттарда ведомстволық қарасты ұйымдардың мониторингі ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылады, яғни компьютердің көмегімен біз ай сайын ведомстволық қарасты ұйымдардағы энергияның тұтынылу көлемін бақылап, алдын алатын шаралар қабылдаймыз. Сонымен қатар, Іс Басқармасы ведомстволық қарасты ұйымдардың энергияны үнемдеу заңнамасын сақтауын кестеге сәйкес (әр кәсіпорын жылына 1 рет) тексеріп отырады. 

Осылайша, Іс Басқармасында бақылаудың осындай жүйесі жолға қойылған, бұл кімнің энергияны үнемдейтінін, ал кімнің немқұрайлы қарайтынын көрсететін объективті картина дер едім. 

- Ең жоғары баға алған кәсіпорынды атай аласыз ба?

Бірінші жартыжылдың қорытындысы бойынша Іс Басқармасының Автошаруашылығы, Медициналық орталықтың кәсіпорындары: ПІБ МО ауруханасы, Ақмола облысы Бурабай ауылындағы «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені. Біз кәсіпорынның ерекшелігін ескере отырып, энергияны үнемдеу нәтижелерін бағалауда түрлі әдістерді қолданатынымызды да айта кету керек. Мысалы, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінде энергия ресурстарының бір пациентке кететін шығысы бойынша, «Қарлығаш» балабақшасында бір балаға, ведомстволық қарасты ұйымдардың жатақханаларында тұратын 1 адамға, ал әкімшілік ғимараттардағы шығыстарды 1 м2  алаңындағы жылуға және тағы сол сияқты есептей беруге болады. 

- Ел масштабында алсақ, бақылау, есептеу, үнемдеу бізге не береді? 

Алдымен мысал келтірейін: 2017 жылы ҚР Парламентінің ғимараты кешені бойынша электр энергиясын тұтынуда энергияны үнемдеу есебінен 2013 жылмен салыстырғанда 113%-ға немесе нақты айтқанда 5,9 млн. квт*сағатқа төмендеген, ал Министрліктер үйі бойынша сол кезеңде төмендеу 29,9%-ды немесе 5,07 млн. квт*сағатты құраған. Үнемделген электр эенергиясының сомамен алғандағы көлемі Қызылорда мен Солтүстік-Қазақстан облыстарын бірге қамтығанда бүкіл тұтынушыларының тәуліктік қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жеткілікті екен. 

Ел масштабында бұл, біріншіден, қоршаған ортаға деген мәдениет. Біздің әрқайсысымыз табиғатты шын мәнінде қарапайым, тұрмыстық деңгейде күтіп-ұстауды үйренуіміз керек. Теориялық тұрғыдан біз ненің жақсы, ненің жаман екенін жақсы білеміз, өкінішке қарай, үнемдеуді көпшілігі әдетке айналдыра алмай келеді. Міне, біз осы бағытта да жұмыс істеп жатырмыз.  



Тізімге оралу