Емдеу-сауықтыру ісінде «Оқ жетпес» озып тұр

Емдеу-сауықтыру ісінде «Оқ жетпес» озып тұр 2014-07-28
Осыдан нақ елу жыл бұрын көркем табиғатты Бурабай баурайында қалыптасып, қызметке кірісе бастаған «Оқ жетпес» емдеу-сауықтыру кешені бүгінгі таңда ҚР Президенті Іс Басқармасына қарасты Медициналық орталықтардың бірі болып табылады. Тұтынушыларына жыл он екі ай бойы қызмет көрсететін «Оқ жетпес» емдеу сауықтыру кешені Бурабай курортты аймағының қақ ортасында орналасқан. Таңғажайып тұмса табиғат аясындағы Көкше тауын өкшелей жайғасқан Абылай хан алаңының іргесінен орын тепкен бұл шипажайға бүгінгі таңда өз елімізді былай қойып, тіпті алыс-жақын шет елдерден келіп кетуші кісілердің қарасы ешқашан үзілген емес. Назарларыңыға жазғы маусымдық жұмыс науқанының қайнап жатқанына қарамай, уақыт бөлгені үшін «Оқ жетпес» ЕСК» АҚ президенті Талғат Тұңғышбаев мырзаға алғысымызды білдіре отырып, ол кісімен болған аз-кем сұхбатымызды ұсынамыз.
- Құрметті Талғат Қаһарұлы өзіңіз жетекшілік етіп отырған емдеу-сауықтыру кешенінің мүмкіндіктері туралы алдымен өзіңізден білсек...
- Бүгінгі таңда заманауи талапқа сай 173 жатын орынға лайықталған «Оқ жетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің негізі сонау 1964 жылдардан бастау алады. Құрылу тарихы мен мекеменің кешегісіне қарағанда, орайлы сәтті пайдаланып мен сауықтыру кешенінің бүгінгі жай-күйі мен тыныс тіршілігі жайлы кеңірек баяндап берсем деймін. Өйткені, әдемі ландшафты көркем табиғаты мен оның емдік қасиетінің зор мүмкіндіктері және инфрақұрылым мәселесінің оң шешілуі біздерді осы саланы екілене дамытуға итермелейтіндей-ақ.
Сол себепті де соңғы жылдары орталығымызда әлемдік медицинаның озық технологиялары мен нәтижесі жоғары әдіс-тәсілдерін климаттық ерекшелікті ескере отырып, жергілікті табиғат жаратылысымен байланыстырып кеңінен қолданысқа енгізуді қолға алдық. Атап айтқанда, бұл күнде Майбалық өзенінің минералды суы мен Балпаш сор көлінің тұнбалы балшығын қажетке жарату, қымызбен және радонды терапиямен емдеу ісін біріздендіріп үлгердік. Әрине, бұл ретте маман мәселесін оңтайлы шешпей, істі ұтымды ұйымдастыру мүмкін емес екені белгілі. Десек те, біліктілігі жоғары терапевт, кардиолог, уролог, стоматолог сынды денсаулық саласының мамандары ағымдағы көрсетілетін қызмет түрлері болғанымен, оның өзі жоғары сапада болуы талап етіледі. Ал медициналық тұрғыда озық үлгіде гирудотерапевт (сүлікпен емдеу) қызметінің пайдасы пациенттер үшін орасан зор болып тұр. Емдеу ісіміздің негізгі бағытына тоқталар болсам, жүрек қан тамырлары жүйесі мен тыныс алу мүшелері, тірек-қозғалыс аппараттарын, ас қорыту, эндокринді және жүйке жүйелері сынды сырқат түрлеріне ұшыраған жандарға қол ұшын созып жатқан жайымыз бар.
- Әлгінде жаңа технологиялық жабдықтармен жарақтану туралы айтып өттіңіз. Ол қандай құралдар сонда?
- Шипажай жаңа әрі қолданысқа қолайлы заманауи медициналық емдеу-диагностикалық құралдарымен толық жабдықталған. Бір ерекшелігі, олар әлемдік деңгейдегі медицина саласының нарығында өте белсінді әрі танымал компаниялардың өнімдері болып табылады. Яғни, бұл өз отандастарымыздың құнды аппараттардың қызметіне жүгіну үшін ше тел асып, қыруар қаражатын шығындамауға мүмкіндік береді. Мысалы, осы жерде «АLОКА» аппаратының көмегімен ішкі органдардың жағдайын мұқият зерттеп, зерделеу қолжетімді. Ал жүрек соғысының қалпын тексеруде 12 каналды аппараттың әлеуеті шексіз. Сондай-ақ, Холтер әдісі бойынша ЭКГ көрсеткішін және артериялық қысымға тәуліктік бақылау жүргізу секілді қызметтер біздің мүмкіндіктеріміздің зор екендігін көрсетеді. Бұдан өзге зерттеу сараптамалары мен талдау, тексеру жұмыстарының барлығы да қалыпты жағдайда сапалы түрде қызмет көрсететіндігін де ұмыт қалдырмаған жөн.
- Ал енді осындай қызмет пен жоғары технологияларыңызды пайдаланушы пациенттерге қаншалықты жағдай жасалған? Мысалы, олардың тамақтануы қалай жүзеге асырылады?
- Шипажайымызда емделушілер күніне төрт реттік кезең бойынша тамақтанады. Кейбір пациенттеріміз үшін медициналық көрсеткіштерге сай дәрігердің тағайындауымен бес рет немесе арнайы тағамдармен тамақтану әзірленеді. Ал ас мәзірі бір күн бұрынғы тапсырыс бойынша емделушілердің көңіл қалауымен дайындалады. Арнайы тағайындалған ас мәзірін диетолог маман әркез бақылауда ұстайды. Жалпы, мекеме пациенттерге мейлінше емдік қасиеті мен калориялық қуаты күшті тағамдар ұсынуды бұлжымас қағидаттарының біріне айналдырған.
- Ем-дом қабылдаушыларға қосымша тағы қандай қызметтер көрсете аласыздар?
- Мекемеміз заманауи шипажай санатына жатындықтан оңалту базасының негізгі басымдығы ретінде емдеу-сауықтыру шаралары жатады. Жоғарыда атап өткен Майбалық көлінің минералды суымен емдеу (оның құрамында тұзды бром мен магний көрсеткіші жоғары) яғни, ванна қабылдау мен суды атқылата пайдаланудағы душтың бірнеше түрі бар. Сондай-ақ, таңнан кешке дейін аз қимылмен кеңседе отырып физиологиялық тұрғыда әлсіздікке ұшыраған азаматтар үшін оның денсаулығын оңдап, жұмысқа қабілеттілігін арттырудың барлық мүмкіндігі қарастырылған. Осы мақсатта шипажай кешені спорт, бассейн, фитнес зал қызметтерін ұсынады. Сондай-ақ, кітапхана мен кинозал балалар бөлмесі мен пейнтбол ойын алаңы, бильярд столы да тәуліктің кез-келген уақытында емделушінің игілігі үшін жұмыс істеуге әзір. Шет ел азаматтарын тіркеу, халықаралық телефон, оргтехникалық қызметтер, әуе және темір жол билеттерін жеткізіп беру, пошта қызметі, автотұрақ, жазда катамаран мен қайықтарды, ал қыста шаңғы мен шана, коньки аяқкиімдерін жалға беру секілді күнделікті тұрмыста қажеттілік туындайтын барлық қызмет түрлері де шебер ұйымдастырылып, өз үйлесімін тапқан.
- Әңгімеңізге рахмет. Қызметіңіз табысты болсын!

Тізімге оралу