Туралы қысқа ақпарат

1991 жыл

Қазақ ССР Президентінің 1991 жылғы 13 тамыздағы № 398 қаулысына сәйкес Қазақ ССР Президентінің Аппараты Қазақ ССР Президенті мен Қазақ ССР Министрлер кабинетінің Аппараты болып қайта құрылды. Қазақ ССР Президенті мен Қазақ ССР Министрлер кабинеті Аппаратының құрылымында Іс басқармасы құрылды.

Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1990 жылғы 23 ақпандағы № 69 қаулысымен құрылған Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Іс басқармасының жанындағы өндірістік бірлестік Қазақ ССР Министрлер кабинетінің 1991 жылғы 13 ақпандағы № 100 қаулысымен Қазақ ССР Президенті Аппараты Іс басқармасының өндірістік бірлестігі болып қайта құрылды.

Қазақ ССР Президенті Аппараты мен Министрліктер кабинеті Іс басқарушысына Іс басқармасының Өндірістік бірлестігі бас директорының функциясы жүктелді (Президенттің 1991 жылғы 10 қазандағы № 488-ө өкімі).

1992 - 1993 жылдары

Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылғы 12 тамыздағы № 670 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты мен Министрлер кабинеті Іс басқармасының Өндірістік бірлестігін тарату негізінде Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының және Министрлер кабинетінің Шаруашылық басқармасы құрылды.

Бекітілген ережеге сәйкес Шаруашылық басқармасы Республика Президентіне, Вице-Президентіне, Премьер-министрге, Жоғарғы Кеңес Төрағасына және Үкімет мүшелеріне, Конституциялық Сотқа, Жоғарғы Сотқа, Жоғарғы арбитраждық сотқа, Бас прокурорға, Ұлттық банк басқармасының төрағасына, облыс, Алматы және Ленин қалалық әкімшіліктің басшысына, Президент Аппараты мен Министрлер Кабинетінің Іс басқармасы қызметкерлеріне, республикалық ұйымдардың басшыларына қызмет көрсетуді жүзеге асырады.

Шаруашылық басқармасының негізгі міндеттері:

- қызмет көрсетілетін органдардың қызметін қаржылық, материалдық-техникалық және әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз ету;

- ресми іс-шараларға және делегацияларға, соның ішінде шетел делегацияларына қызмет көрсету;

- Шаруашылық басқармасының теңгеріміндегі негізгі қорларды (мемлекеттік резиденциялар, мемлекеттік саябақтар, қонақ үй кешені, өндірістік және ауыл шаруашылығы объектілері мен өзге де құрылыстар) пайдалану;

- ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу және сату (егіншілік, мал шаруашылығы және бау-бақша өсіру);

- тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени объектілерді, өндірістік ғимараттар мен құрылыстарды салу;

- бекітіліп берілген аумақтар мен пайдаланылатын жерлерде өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтап қалу және молайту;

- Қазақстанға келетін шетел азаматтарына қызмет көрсету;

- балалардың мектепке дейінгі ведомстволық қарасты мекемелерінің қызметін ұйымдастыру.


1994 жыл

Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 10 қарашадағы № 1884 өкіміне сәйкес мемлекеттік биліктің жоғарғы органдарының қызметін қаржылық, материалдық-техникалық және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсетуді жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер кабинетінің Шаруашылық басқармасы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шаруашылық басқармасы болып қайта құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шаруашылық басқармасы Президентке, Вице-Президентке, Премьер-Министрге және оның орынбасарларына, Жоғарғы Кеңестің Төрағасына және оның орынбасарларына, мемлекеттік кеңесшілерге, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекетаралық кеңесінің атқарушы комитетінің төрағасына, Үкімет мүшелеріне, Президент Аппаратының, Министрлер Кабинеті Іс басқармасының қызметшілеріне, Конституциялық Сот, Жоғарғы Сот, Жоғарғы арбитраждық сот төрағаларына, Бас прокурорға, Ұлттық банк төрағаларына, Экспорт-импорт банкі, Орталық Азия банкі президенттеріне, облыстық және Алматы қалалық әкімшілік басшыларына, Үкімет мүшелері мәртебесіне теңестірілген республикалық ұйымдардың басшыларына қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шаруашылық басқармасы туралы ереже Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы № 2063 өкімімен бекітілген.

1995 жыл

Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 6 қарашадағы № 2600 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шаруашылық басқармасы таратылып, Іс басқармасы құрылды және Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы туралы ереже бекітілді.

1996 жыл

Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 26 наурыздағы № 2918 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы Жарлыққа байланысты Президенттің Іс басқармасының ведомстволық құрылымы – Шаруашылық басқармасы құрылды.

1997 жыл

«Қазақстан Республикасының астанасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 15 қыркүйектегі № 2457 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің аппараты, кейбір министрліктер Астана қаласына көшірілді.

«Қазақстан Республикасының құрылымын қайта құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 17 қазандағы № 3692 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің Ақмола қаласындағы Шаруашылық басқармасы құрылды.

2000 жыл

«Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 21 сәуірдегі № 378 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы туралы ереже бекітілді.